Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Беларус ұлттық-мәдени орталығы

БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ, БЕРЕКЕ БАР

(халық мақал-мәтелі)

 

Белорустар, ежелгі атауы - белорустар. Белорус тілі шығыс-славян тобына енеді. Үш негізгі топқа бөлінеді: оңтүстік-шығыс, орталық, солтүстік-шығыс. Белорустардың құрамында этнографиялық топтар - полещук пен литвиндер бар, олардың тұрмысы мен мәдениетінде кейбір өзгешелік кездеседі.

1999 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 111927 белорус болған, оның 21579-ы Қарағанды облысында.

XVIII ғасырдың соңында белорус жері Ресей империясының құрамына енген. Көтерілісті басқаннан кейін, әсіресе 1863-64 жылдары К. Каменовскийдің басшылығымен Белоруссиядан 12 мың адам, көпшілігі шығысқа жер аударылған, соның ішінде қазіргі солтүстік Қазақстанға. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар белорустардың шығыс аймаққа көшуіне әсер етті.

Қазақстандық диаспора, сондай-ақ ұжымдастыру мен 1939 жылы қосылған Батыс Белоруссиядан 30-50 жылдары депортацияға ұшыраған белорустармен едәуір толыққан. Белорустардың саны тың игерген жылдары бірсыдырғы көбейген. 70-ші жылдары республикадан этностың көшуі басталған, тың көтергендер үйлеріне қайта бастады.

Белорус диаспорасы "Спадчына" белорус мәдени қоры түрінде 2002 жылы 17 қаңтарда заңды түрде тіркелген. Оны құруға бастама көтерген Ататолий Васильевич Майсюк, Юрий Анатольевич Гусаков пен Юрий Анатольевич Фарино. Қорды құруға Қазақстан Республикасындағы Белорусь Республикасының елшісі Лариса Пакуш көп үлес қосты.

"Спадчына" орталығын құру белорустардың басын біріктіріп, белорус мәдениетін, тілін салт-дәстүрін үйренуге орай түрлі шаралар өткізуге мүмкіндік берді.

Оның басшылығының белсенділігі арқа-сында белорус диаспорасы Қазақстан Республикасындағы Белорусь Республикасының елшісімен кездесіп, одан көзбе-көз сүраққа жауап ала алады. Атап айтқанда Белорусь Республикасының елшісі Л. Пакуш екі мәрте Д. Қонаев атындағы университеттің Қарағанды филиалының студенттері, профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Белорус тілінде стенд пен кітапхана ашылып, Белорусиядан газет пен журнал және басқадай мерзімдік басылымдар үнемі алынып тұрады. Белорусь Республикасының университеттерінде жоғары білім алғысы келетін ҚР азаматы болып табылатын белорустар оқуға қабылданады. Мұқтаж адамдарға материалдық, моральдық және құқықтық көмек көрсету жұмысы жалғасын табуда.

Басқадай ұлттық-мәдени орталықтар мен мемлекеттік билік органдары өткізетін түрлі мәдени-бұқаралық шараларға "Спадчына" белсенді қатысады. Ай сайын мәдени орталық өз мүшелерін жинап, Белоруссиядан келген жаңалықтарды талқылап, белорустық газет-журналдарды оқып, шақырылған қонақтарды тыңдайды. Қарағанды облысының белорус диаспорасы өздерінің тарихи отанымен экономикалық, ғылыми және қоғамдық-саяси байланыстарды іске асыруға үнемі қатысады. "Спадчына" мәдени қоры қоғамы да ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайтуға өздерінің күш-жігерлерін аямайды.

 

 

Этностың материалдық және рухани мәдениеті

 Ұлттық киімдері.

      Белорустардың мәдениеті белорус халқының қалыптасуы барысында, XIV-XVI ғасырлардан бастап этностың өзгешелікке ие бола бастады. Тамыры жалпы шығыс-славян дәстүрлерінде бола отырып, оның сонымен қатар, өзіне тән айрықша ерешеліктері де бар. Айқын өзгешелік ұлттық киімдерінен де көрінеді, ондағы ерекше белгі – ақ түстің кең таралуы. Осы ерекшелікке байланысты белорус (яғни, бело - ақ) этнонимі шыққан болса керек. Жейделер, әйелдердің жазғы белдемшелері мен ерлердің шалбарлары ғана емес, сонымен қатар көп жағдайда сыртқы, жылы киімдер де ақ болып келді. Ерлердің костюмы ғасырлар бойында аз ғана өзгеріске ұшырады: етегі сыртқа шығарылған, ашық түсті тоқылған немесе өрілген белбеумен белбеуленген, оюмен өрнектелген жейде, кең пішілген кенептен немесе шұғадан тігілген шалбар, кейде сыртында жеңсіз киіледі. Әйелдер костюмы ерекше көркем болып келеді: ашық екі түсті немесе көп түсті, ұнамды – қара мен жасыл түстер қосылған қызыл және ақ түсті оюмен өрнектелген жұқа зығырдан тігілген жейде. Кенеп белдемшенің сыртынан жүнді немесе жартылай жүнді андарак – яғни, ала немесе торкөзді матадан тігілген белдемше киген. Міндетті атрибут – кестеленген немесе шілтермен көркемделген алжапқыш. Және тағы да осындай қосымша – жекелеген әдіспен пішілген барқыттан, қамқадан, атластан тігілген жеңсіз. Свита, жупандар, қой терісінен жасалған былғары киімдер – жылдың суық мезгіліне арналған сыртқы киімдер. Аяқ-киімдері – лапти, етіктер, ботиники, пима. Бас киімдері - әйелдерде өзгеше кенеп орамалдар, сабаннан тоқылған, дөңгелек кең өңірлі шляпалар, киіз және қой жүнінен жасалған шапкалар.

 

Ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері.

      Басты отбасылық және қоғамдық мерекелер дәстүрлі әдет-ғұрыптармен бірге жүрді. Үйлену тойына құдалықтан бастап сенбіде жиналу, күйеу жігіт пен қалыңдықты ашытқыға отырғызу, бұрымды тарқату және сатып алу, қалыңдықты күйеу жігіттің үйіне шығарып салу кіреді, соңғы рәсім үшін арнайы каравай, яғни кесек нан пісіріледі. Баланың тууы да кеңінен тойланады –туған күн, шоқындыру, бұл рәсімдерде басты тұлғалар кіндік шеше, өкіл әке мен өкіл шеше болып табылады, әжесінің ботқасы таратылады, шоқындыру әндері айтылады. Жерлеу – жоқтау айтылатын рәсім, еске алуларда рәсімдік тағамдар – канцы, кутья, үзбек кеспе пісіріледі.

      Күнтізбелік-жер өңдеу рәсімдері де әр алуан: рождестволық-жаңа жылдық святки-коляды, Пасха (Ұлы күн), бұларда христиандық және пұтқа табынушылық дәстүрлер бірдей құрметтеліп, тәртіп пен үстел жасауда өз өзгешеліктерін ұстанады. Мұндай мерекелердің арасында – жас көкпен көркемделетін көктемгі Семуха және Троица, от жағылып, шомылып, сиқырлы гүл ізделетін Купалье. Жазғы – зажинки мен дожинки – орақтың басталуы мен аяқталуы. Көктемгі және күзгі Ата-бабаларды еске алу күні – радуница (ата-аналар күні) және қазанның соңғы жексенбісіне келетін Аталар күні. Барлық рәсімдерге әндер, ән айту, діни өлеңдер кіреді.

      Белорустық фольклор сонымен қатар өз дәстүрлерінде басқа да славян халықтарына ұқсас болып келеді. Батырлар туралы, жарқын өмір туралы аңыздар, ертегілер жайдары көңіл-күй сыйлайды. Сайқымазақтар театры, қуыршақтар театры – батлейка дәстүрлі болып табылады. Халықтық сәндік-қолданбалы өнер этникалық өзіндік ерекшелігімен белгіленеді: ағаш ою, қыш, шыбық, сабан тоқу, тігін ісі, кестелеу. Халықтық қолөнер бұйымдары дәстүрлі түрде белорустардың тұрмысына енеді. Рәсімдер көбінесе ұлттық музыкалық аспаптарда ойнаумен қоса жүрді. Бұл гусли мен цымбала, сылдырмақ пен скрипка, әр түрлі сопилкалар.

 

Дәстүрлі тағамдары

      Белорустық тағамдар орыс тағамдарына ұқсас: онда ауылшаруашылығы өнімдері – картоп, ет, көбіне шошқа еті және оның өнімі шошқа майы, тауық, қаз, үйрек жұмыртқалары, көкністер – қияр, қызынық, бұршақ және т.б. басым болып келеді. Картоп – бульба әрқашан кез келген, мерекелік және күнделікті дастарханға қойылады. Және картоптан әзірленетін 600 тағам қатарында бірінші кезекте драники (құймақ) және бабка (шойын қазанда ет қосылып пісірілген ұнтақталған картоп) тұрады. Ешбір мерекелік дастархан үш кезекші тағамсыз: қаймақ қосылған қияр, қаймақ қосылған қызанақ және шошқа майынсыз өтпейді. Белорсутық тағамдар арасында бал қатқан сусын (сбитень) де соңғы орында емес. Беларусь өзінің сырасымен де танымал.

 

Областной фонд белорусской культуры «Спадчына»

Руководителей: Хука Александр Александрович

Адрес местонахождения: Карагандинская область, г. Караганда, ул.  Ермекова 28

Телефон: 8 (7212) 412045