Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Ләмбекұлы Сапарғали

 

Сапарғали Ләмбекұлы 1938 жылдың 5-ші маусымында Қарқаралы ауданындағы Милыбұлақ ауылында шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі Ләмбек Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, шешесі Рысбала қартайғанша ауылда еңбек еткен. Өзі он екі жасында екі құлағы естімей қалады, соған қарамастан сау балалармен бірге оқып, білім алды, ауыл мектебінің жетінші сыныбында жүргенде, 1951-ші жылы тұңғыш өлеңі аудандық «Еңбек майданы» газетінде жарияланды.

Қарқаралы қаласындағы №1 қазақ орта мектебінде оқып жүргенде облыстық «Советтік Қарағанды» (Орталық Қазақстан) газеті бетінде көріне бастады, онжылдықты бітіргеннен кейін аудандық «Еңбек майданы» (кейінгі «Коммунизм таңы», «Қарқаралы») газетінің редакциясына қызметке тұрды, сырттай оқып, ҚазМу-дың журналистика факультетін бітірді.

Сапарғали Ләмбеков ұзақ уақыт баспасөзде қызмет істей жүріп, көркем әдебиетпен үзбей шұғылданады, әр түрлі жанрда көптеген шығарамалар жазды, ақындар айтысына қатысты. «Қарқаралы саздары» атты өлеңдер жинағы (Алматы, Жазушы, 1968), «Қыр қырандары» очерктер жинағы (Алматы, Қайнар, 1970), революционер У.Жәнібеков туралы «Тайталас» романы (Алматы, Жалын, 1980), ұлы күйші Тәттімбет Қазанғапұлы туралы «Тәттімбет» романы (Алматы, Өнер, 1993), Алаш азаматтары жайындағы «Арыстар» диалогиясы (Астана, Елорда, 1-ші кітабы-2000 ж.,2-ші кітабы-2004 ж), балаларға арналған «Еділбай» кітапшасы (Алматы, Жалын,1980 ж) , Қарағандыдағы «Арко» баспасынан «Тағдырмен тартыс» ғұмырнамалық хикаясы (2001 ж), «Туған елдің түтіні» публицистикалық жинағы (2003) «Сырперне» өлеңдер жинағы (2004 ж.) жарық көрді. 2006 жылы шахтерлер туралы жазылған «Қатты қабат» романы мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шығады.

С.Ләмбекұлы – Қазақстан Жазушылар Одағының, Журналистер одағының мүшесі, КСРО баспасөз үздігі, Қазақстан Журналистер одағының Кәкімжан Қазыбаев атындағы,бірнеше әдеби бәйге сыйлықтарының иегері, Қарқаралы ауданының құрметті азаматы.