Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Жарылғапов Ісләм

 

    Жарылғапов Ісләм (1918-1991) Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты, Бірлік ауылының Көктал деген жерінде туған. 1926-27 жылдары ауыл молдаларынан сауат ашып, кейіннен жаңаша оқуға іліккен. "Қызылтау", «Жартас», «Атасу» мектептерінде оқыған соң Алматы педагогикалық училищесін 1934-1938 ж.ж. бітіріп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген. Дипломатия академиясының тындаушысы болған. Онда Жапония секциясының теория курсын тындаған (1944-45 ж. ж.),

   Ісләм Жарылғапов 1942-74 жылдар аралығында мектеп мүғалімі, институт оқытушысы, Алматы облыстық комсомол комитетінің секретары, Москвада БКЛЖО Орталық комитетінің нұсқаушысы, Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші секретары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лекторы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары (1946-52 ж. ж.), партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, "Жазушы", "Қазақстан" баспалаының аға редакторы, редакция мсңгерушісі, Қазақ ССР мәдениет министрлігінің коллегия мүшесі, Өнер басқармасының бастығы, Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің Бас редакторы, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, "Жұлдыз" журналы бас редакторының орынбасары, Қазақстан жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, аударма советінің председателі секілді қызметтер атқарған.

     Iсләм Жарылғапов Ленин шығармаларын аударушылардың бірі. Көркем әдебиет саласында Пришвин, Герман, Горький, Шолохов, Герцен, Тургенев, Тол­стой, Пушкин, Ниязи, Леонидзе, Исакян, Вахтанг, Әзиз Несин, У-Ян, Клара Цеткин, Вилли Бредель, И-Р. Бехер, т. б. әр жанрдағы шығармаларын казақшалаған. Белгілі аудармашы әрі тіл маманы оқта-текте өлең де жазады. Алайда Ісләм Жарылғаповтың басты табысы оның қазақша жаңа сөздер жасап, бүгінгі өмірімізге енгізуінде. Оған мысал: читатель-оқырман, зритель-көрермен, мороженое-балмұздақ, яичница-уыздық, пляж-жағажай, детсад-балажай, роддом, родильная-іңгәжай т. б. көптеген осы тектес ана тілімізді байыта түсетін сөздер.

    Iсләм Жарылғаповтың "Үздік мұғалім", "Үздік мәдениет қызметкері", "Үздік баспасөз қызметкері" атақтары бар. Түрлі құрмет грамоталарымен наградталган.

57 жыл тұрған мекені Алматы шаһарында дүние салған Ісләм Жарылгапов өзінің өсиеті бойынша туған жеріне әкеліп жерленді. Архитектурасы әсем мазар салынды. Ақтасты селолық округіндегі орталау мектепке I. Жарылғаповтың есімі берілді. Мұражай ашылды.