Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Ерубаев Саттар

 

туғанына 95 жыл

(1914-1937)

   Қазақ әдебиетінің аспанына жарқ етіп көтеріліп, бірақ лезде жалт етіп ағып түскен жұлдыздарының бірі, өмір дегенде өксігін баса алмай, өнерінің барлық гүлін аша алмай арманда кеткен жас талант Саттар Асқарұлы Ерубаев қазіргі Шымкент облысы, Түркістан ауданында 1914 жылы дүниеге келген.

   Ауыл балалары сияқты молданың солқылдаған көк шыбығына көнбестен Саттар Түркістандағы бастауыш мектепке қашып кетеді. Мұны бітіргеннен соң жетіжылдық орыс мектебінде оқып, оны үздік аяқтап шығады.

   1930-шы жылы Саттардың белсенді комсомол мүшесі және зейінді жас екені ескеріліп, жоғары оқу орындарына даярланатын Алматыдағы дайындық курсына жіберіледі. Сол жылы ол Қазақстан оқу Комиссариатының арнайы жолдамасымен Ленинград тарих, философия және лингвистика институтына түседі. Институтты Саттар 1933 жылы үздік бағамен бітіріп шықты. Ол дипломдық жұмысын өте жақсы қорғайды және және осы еңбегі үшін бәйге алады. Сөйтіп, бұл жұмыс баспасөз бетінде жариялансын деген қаулы шығарылады. Ұстаздарының ұсыныстары бойынша С.Ерубаев аспирантураға қалдырылған екен. Бірақ Қазақстан өлкелік комсомол комитеті арнайы жеделхат жолдап, С.Ерубаевты шұғыл түрде Қазақстанға шақыртады. Осыған байланысты Саттар, оқуын қалдырып, елге оралады. Алматыда Саттар 1933-1934 жылдары “Ленинская смена” газеті әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, “Лениншіл жас” (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы; мәдениетте 1934 жылы бірер ай музыка театрының директоры; білім беру саласында 1933-1934 жылдары Алматы жоғары ауыл шаруашылық мектебінде философия кафедрасының ұстазы қызметтерін атқарады.

   Қазақстан өлкелік партия комитетінің “Қарағанды пролетариаты” газетінің жауапты редакторының орынбасары болып істейді. Қаламы ұшқыр, пікірі таза, дарынды қаламгер С. Ерубаев сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші сьезіне қатысып, одақ мүшелігіне алғаш қабылданғандардың бірі болды. 1935 жылдың жазында С.Ерубаев Ленинград университетінің аспирантурасына түседі. Бірақ мендеп кеткен өкпе ауруы оған бар болғаны бір-ақ жыл оқуға мүмкіндік береді. Осыдан соң Саттар Алматыға қайтуға мәжбүр болады. Мұнда ол 1936-1937 жылдары Қазақстан педагогикалық институтына қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясынан лекциялар оқиды.

   Бірақ бойын әбден меңдеп алған ауыр дерттен Саттар Ерубаев 1937 жылдың екінші маусымында көз жұмды. Онда ол бар болғаны 24 ғана жаста еді.

   С.Ерубаев әдеби ортаға тұлпар шабыспен екпіндеп, жарқырап кірді. Ол астанадағы зиялы қауымды жан-жақты біліммен, журналистика саласындағы білікті ізденістермен әдебиеттегі жаңашыл сыни ой-пікірімен, жаңаша жазылған өлең, баллада, пародияларымен елең еткізді.

   С.Ерубаев 1934 жылы Қарағандыға, қайнаған еңбек ортасына келгеніне қатты қуанған. Сол тұста жазған бір күнделігінде Саттар: “Мен Қарағандыға ризамын, ол мені жазушы етіп шығаратын болды!” депті. Қарағанды оны жазушы етіп шығарды. Саттар әдебиет сүйер қауымға мәлім “Менің құрдастарым” романын дәл осы кезде жаза бастаған еді. Бұл роман қазақ жұмысшы табының қалыптаса бастау тарихынан, 30-жылдардағы Қарағанды сынды ірі өнеркәсіп ошағының тыныс-тіршілігінен сыр шерткен, алғашқы ұлттық техникалық интеллигенция өкілдерінің бейнелерін сомдаған туынды.
Қарағандыда болған кезінде С.Ерубаев басқа да көптеген новеллалар, балладалар, өлеңдер, очерктер, сын мақалалар жазады. Оның қаламынан “Бақыт”, “Мәңгілік өмір”, “Өмір көркемдігі”, “Келесі соғыс туралы” новеллалары, “Өмір туралы рапорт”, “Үш шахтер туралы баллада”, “Меруерт алқа” тәрізді балладалары, алуан өлеңдері мен сын мақалалары, очерктері мен эпиграммалары өзіндік өзгеше үнімен, жүрек жарды лебімен, мөлдір сыршылдығымен, қалтқысыз шыншылдығымен қазір де қайран қалдырады.
Аяқталмаған “Менің құрдастарым” романы бүгінгі күні де халқымыз сүйіп оқитын жаңашыл мәңгі жас шығарма.

   Саттар шығармаларынан рухани нәр ғана емес, Саттардың өзі жайында да көп мағұлмат табуға болады. Жарық жұлдыздай жарқырай ағып өткен қас-қағым тіршілігінде ол өзін халқының адал перзенті ретінде көрсетті. Артына көлемі шағын болса да салмақты, құнды әдеби мұра қалдырды. Оның қазақ кеңес әдебиетінде бірінші болып игерген жаңа жанрдағы шығармалары – балладалары, новеллалары, пародиялары мен эпиграммалары қазіргі әдебиеттің алтын қорына енді. С.Ерубаев М.Жанғожинмен бірігіп мектеп оқушыларына арналған қазақ әдебиеті хрестоматиясын құрастырды. Сонымен қоса аудармашылықпен де шұғылданған. Ол К.Чуковскийдің, Ю.Березиннің, А.Суриковтың, И.Эренбургтің кейбір шығармаларын қазақ тіліне аударған.

   1966 жылы Саттар Ерубаевқа Қазақстан Ленин комсомолы атындағы сыйлық берілді. Түркістан қаласында Саттар мұражайы бар. Қарағандыда Саттар Ерубаевтың аты мектепке, үлкен көшелердің біріне берілді.