Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Бұлқышев Баубек

Бұлқышев Баубек (1916 ж. т., Қарағанды (қазіргі Жезқазған) обл., Ұлытау ауд., - 1944) - жазушы, ақын. 1930 ж. "Ұлытау" совхозының сүт фермасында учетчик болып қызмет істейді. Ал 1937 ж. Алматы сауда-финанс техникумына оқуға түседі; 1939 ж. "Лениншіл жас" (қаз. "Жас алаш") -газетінде әдеби қызметкер, кейініректе "Октябрь балалары" газетінің бөлім меңгерушісі болған. 1940 ж. Москвада сапер училищесінде оқиды. Отан соғысына қатысқан. Баубек Бұлқышевтің әкесі Амангелді Иманов пен Әліби Жангелдиннің басшылығымен өткен ұлт-азаттық қозғалысының белсенді мүшесі болған. Ата дәстүріне берік азамат, жалынды публицист, ер жүрек жауынгер. Москваны ерлікпен қорғады. Украинаны азат етісті, сөйтіп 1944 жылдың бас кезінде қаһармандықпен майданда қаза тапты. Бұлқышев көптеген өлеңдер жазып, республикалық баспасөз беттерінде жариялады, оның "Алматы - менің туған қалам" деген бітпей қалған романы және "Айсұлу" деген поэмасы бар. Бұлқышевтың тамаша жазушылық таланты Отан соғысының ауыр сын сағаттарында ерекше көрінді. 1942 ж. мамырда "Комсомольская правда" газетінде Бұлқышевтің "О жизни и смерти (записки молодого казаха-фронтовика)" деген өршіл патриоттық публицистикалық мақаласы шықты. Бұлқышев өзінің әскери очерктері мен публицистикасын орыс тілінде жазып, үнемі "Комсомольская правда" газеті беттерінде жариялап отырды. "Я хочу жить", "Жизнь принадлежит нам", "Коварство и любовь" "Письмо сыну Востока", "Слушай Кавказ" және басқа мақалаларын Социалистік Еңбек Ері, көрнекті жазушы Ғ. Мүсірепов қазақшаға аударып, республикалық "Социалистік Қазақстан" (қаз. "Егемен Қазақстан") газетінде жариялады. Жауынгер қаламынан шыққан жалынды үн жерлестерінің жанын тебірентіп отты жылдарда өз рөлін атқарды, болашақ ұрпаққа айнымас ұран болып қалды. 1946 ж. Москвада "Жизнь солдата" деген жинақ шықты, бұған Бұлқышевтың майдандық публицистикасы енгізілді. Бұлқышевтың көркем әдеби мұрасы 1948 ж. М. Иманжановтың редакциясымен шыққан "Өмір біздікі" кітабында, сондай-ақ "Жауынгер мәңгілігі" кітабында (1965, құрастырған Д. Әбілев, алғы сөзі Ғ. Мүсіреповтікі) жинақталған.