Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Әбішев Әлжаппар

Әбішев Әлжаппар (15. 10. 1907 ж. т., Қарағанды обл., Қарқаралы ауд.) - жазушы, драматург. ҚР-ның халық жазушысы (1985). Жазушылық қызметін Қарағанды кен орындарында шахтер болып істеп жүрген кезінде бастайды. Жұмысшылар өмірінен жазылған тұңғыш кітабы -"Завал" (1936), "Еңбек ері - ел еркесі" (1938) әңгімесі Қазақстандағы өндіріс тақырыбына арналған. Ұлы Отан соғысы кезінде жазылған "Төлеген Тоқтаров" (1944), "Саржан" (1945) повестерінде кеңес жауынгерлерінің жеңіске деген нық сенімі мен патриоттық рухы шынайы бейнеленеді. Әбішевтің прозалық көлемді туындыларының бірі - "Жас түлектер" (1945) романы. Онда Қарағанды кеніштеріндегі соғыс кезіндегі жастардың өмірі мен қажырлы еңбегі суреттеледі. "Үлкен жолда" (1948), "Терең тамырлар" (1952) повестері мен "Сахара сәулеті" романында Отан қорғау, табиғатты игеру тақырыбы сөз болады. "Найзағай" (1969) және "Атыңнан айналайын" (1988) романына қазақтың белгілі әнші композиторы Мәдидің өмірі мен шығармашылығы өзек болса, "Сәуленің күлкісі" (1978) повесінде Кеңес өкіметін орнату мен нығайту жолындағы адамдар өмірі суреттеледі. Әбішев шығармасының ең бір шоқтықты саласы - драматургия, ол 30-дан астам пьеса жазды. "Отан үшін" (1939), "Жолдастар" (1940), "Қырағылық" (1941), М. Әуезовпен бірігіп жазған "Намыс гвардиясы" (1942), "Достық пен махаббат" (1947), "Мен өлмеймін" (1948) пьесалары Отан соғысы мен тыл өмірінің берік тұтастығы тақырыбына жазылған көлемді туындылар. "Достық пен махаббат" пьесасы қазақ драматургиясына қосылған үлес ретінде бағаланды. "Бір семья" (1948), "Күншілдік" (1954), "Кім менің әкем" (1957), "Белгісіз батыр" (1966) пьесаларында ескі мен жаңаның арасындағы тартыс, коммунистік мораль мәселесі қозғалады. "Армандастар" (1966), "Сәкен" (1965), "Мансап пен ұждан" (1977), "Көлеңкелер қалай жоғалады" (1978), "Мәди" (1977), "Нұрлы жаңбыр" 1981), "Кәусәр" (1982), "Ажалсыз адам" (1983), сондай-ақ "Сәкен аманаты" (1987), пьесалары драматургтің шығармашылық табысы ретінде қабылданды. Әбішевтің пьесалары әр жылдары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды. Бірқатар шығармалары одақтас республика халықтары тілдеріне аударылған. Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, "Құрмет Белгісі" орденімен және медальдармен наградталған.