Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Ақселеу Сейдімбек

Ақселеу Сейдімбек Сланұлы (12. 12. 1942) – жазушы-ғалым.Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылында туған. Филология ғылымының докторы (1997). Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген (1963). 1968-75 ж. "Жас алаш" газетінде әдеби қызметкер. 1975-1976 ж. "Орталық Қазақстан" газетінің жауапты хатшысы. 1976-1983 ж. "Егемен Қазақстан" газетінде бөлім меңгерушісі. 1983-1987 ж. "Зерде" журналының бас редакторы. 1987-1997 ж. ҚР ҰҒА жанындағы "Әдебиет және өнер" институтында лаборант, аға ғылыми қызметкер, қолжазба бөлімінің меңгерушісі. 1997 жылдан Ы. Алтынсарин атындағы Қазақстан Білім проблемалары институтының директоры. 1998 ж. қайта құрылған Ы. Алтынсарин атындағы Білім академиясының президенті. "Ақиық" атты алғашқы әңгімелер жинағы 1972 жылы жарық көрді. Кейін "Қыр хикаялары" (1977), «Тауға біткен жалбыз» (1979), "Аққыз" ( 1991) атты повестер мен әңгімелер, қазақтың өмір салты, әдет-ғұрпы, табиғат тіршілігінен мол хабар беретін «Кеніш» (1979), «Серпер» (1982), «Күңгір-күңгір күмбездер» (1983), әңгіме, повестері, сондай-ақ, қазақтың дәстүрлі поэзиясындағы қара өлең жанрына арнаған «Мың бір маржан» (1989), күй мен күй аңыздарының қазақ мәдениетіндегі өзіндік орнын анықтап, күйшілер өмірінен қызықты да тың деректер келтіре отырып, онда күй аңызының құрылымы мен деректілігін, оның арақатынасын зерттеп, тұңғыш рет күй аңызының оқшау жанр екенін дәлелдейтін "Күй шежіре" (1992), Ұлы дала тарихына шолу жасап, тарихи тұлғаларға сипаттама берген "Балталы, Бағаналы ел аман бол" (1993), түркі тектес халықтардың тарихынан, археологиясынан және этнографиясынан мол деректер қамтылған "Көшпелілер тарихы" (1995), халық тарихы мен мәдениетінің көкейкесті мәселелер туралы ой-толғаныстары мен тебіреністері сипатталған "Ойтолғақ" (1997), қазақ тарихы мен этномәдениетіне қатысты ой-пікірлері жинақталған "Қазақ әлемі" (1997) атты ғылыми еңбектері басылып шықты. Сейдімбеков Гомердің "Илиада", "Одиссея" (1974) эпостарын, И. Можейконың әлемнің "7 және 37 кереметі" (1988) атты кітабын қазақ тіліне аударды. Жазушының шығармалары көптеген шетел тілдеріне аударылған. "Құрмет" орденімен марапатталған (1998).