Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






Игенсартов Ғабдіман

 

Игенсартов Ғабдіман (12.03. 1902 ж. т., қазіргі Қарағанды облысы,, Қарқаралы ауд., - 15.2.1976, Қарқаралы қ.) –ақын. ҚазКСР-інің халық ақыны (1962). Жастық шағы байлардың есігінде өткен. Ескіше хат таныған. Өз бетінше сауат ашқан. 1923 жылдан бастап ауыл істеріне белсене араласқан. 1927-28 ж. Темірші болысы жалшылар комитетінің, 1928-30 ж. Қарқаралы округтік атқару комитетінің төрағасы. 1930-56 ж. Қарағанды обысының кеңес органдарында, шаруашылық мекемелерінде қызмет атқарады. Отан соғысы жылдары көмір кеніштерінде жұмыс істеді. Қарағанды облыстық "Советтік Қарағанды" (қазіргі "Орталық Қазақстан"), Қарқаралы аудандық "Коммунизм таңы" газеттерінде меншікті тілші, бөлім меңгерушісі болды. Игенсартов өлеңді 20-жылдардан бастап жазды. Келеңсіз құбылыстар мен жағымсыз әдеттерді шенеген сатиралық өлеңі "Ақ қошқардың жоқтауы" (1930) Кеңес заманындағы азат еңбекті жырлаған тұңғыш поэмасы "Ақ бидай" (1934) Семей облыстық "Екпінді" (қазіргі "Се­мей таңы") газетінде жарияланды. Замандастарының жарқын бейнесін халықтар достығын, туған өлке кеншілерін жырға қосқан. "Лавадағы өмір" (1949 таңдамалы, 1985), "Шахтер сөзі" (1953), "Шынар" (1961), "Арман" (1964), "Тың дала" (1968) "Айдар Әбек" (1970) өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрді. 1929 ж. ҚазКСР ОАК-нің мүшелігіне сайланды, РСФСР Кеңесінің 14-, Бүкілодақтык, Кеңестердің 5-съезінің делегаты болды. Қарқаралы қаласының орталық көшелерінің бірі Игенсартов есімімен аталады.