Қарағанды облысының Мәдениет басқармасының "Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспiрiмдер кітапханасы" Коммуналдық мемлекеттік мекемесі
00:00:00






ДӘУЛЕТБЕКОВ АМАНТАЙ

ДӘУЛЕТБЕКОВ АМАНТАЙ (1917-1943 ж.), аға сержант, Кеңес Одағының Батыры (1943 ж.). Жаңаарканың түлегі. Алматы зоовет. институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірген (1939 ж.). Армия қатарына 1939 ж. шақырылып, әскери қызметті Шығыста бастады. Дәулетбеков 1942 ж. көптеген қызметтес жолдастарымен бірге Брянск майданына жіберілді. Ол 13-армияға қарасты танкілерді ататын 1180 полктың артиллериялық тобының командирі болды. 1943 ж. 6 маусымда Орел мен Курск темір жолдары арасындағы Поныри қалашығы тубінде кескілескен ұрыс басталды. Поныри түбінде 13-армияның 307-дивизиясы полктері қорғаныста тұрды. Танкілерді ататын 1180-полкте ұрыс позициясында болды. Жаудың танкілері мен жаяу әскерлерінің көптеген шабуылына тойтарыс берілді. Дегенмен, жау 9 шілдеде 1019-аткыштар полкы тұрған аймақтан бекіністі бұзды. Дәулетбековтің қару-жарақ тобы қоршауда қалды. Аз ғана ер жүрек артиллеристерге 18 танк және сүйреткі 14 зеңбірек қаруы колданған жаудың әскері нөсерлете оқ боратты. Бұл ұрыс екі сағатқа созылды. Дәулетбековтердің қарулары кирады. Бірақ ұрыс тоқтамады. Артиллеристер жақындағы жауды гранатамен жойып, мылтық пен автоматтан оқ жаудырды. Олар жараланып, қансырағанда, гранаталары мен оқтары бітіп, шөлмекке құяр жанармай таусылғанда да ұрысты тоқтатпай жаумен жекпе-жекке шықты. Бұл 1943 жылғы 9 шілдеде Поныри түбінде болды. Батырлар қаза тапты. Бірақ фашистер Амантай Дәулетбековтың артиллеристерінің позициясыңда кираған 29 танкісін,сүйреткі 13 зеңбірегін және 200-ге дейін солдатын қалдырды. Жау осы шепте тоқтатылды.